Алматыда жасырын бейнекамера орнатылған шамдарды сатқан күдікті ұсталды
Алматыда жасырын бейнекамера орнатылған шамдарды сатқан күдікті ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматылық киберполиция қызметкерлері “Anti-fraud” жедел алдын алу іс-шарасы барысында арнайы техникалық құрылғыларды заңсыз сатпақ болған күдіктіні анықтады.
Жасырын дыбыс және бейне жазба жасауға арналған техникалық құралдардың заңсыз айналымы тоқтатылды. Алматы облысының 26 жастағы тұрғыны жасырын жазба функциясы бар қаламдарды сатқаны үшін ұсталды. Сондай-ақ күдіктінің жұмыс орнын тексеру кезінде бірнеше осындай қалам, магнитті камералар мен бейнебақылау жабдықтары бар шамдар табылып, тәркіленді.
— Қазіргі уақытта Әуезов аудандық полиция басқармасында күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің ақпаратты жасырын алу мақсатында арнайы техникалық құралдарды заңсыз өндіру, сақтау, өткізу немесе пайдалану дерегі бойынша іс қозғалды, — деді Алматы қалалық ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев.