Алматыда жол ережесін бұзған мопед жүргізушілері анықталды
Алматыда жол ережесін бұзған мопед жүргізушілері анықталды, — хабарлайды Polisia.kz.
Мопедтерді пайдалануға қойылатын жаңа талаптар күшіне енгеннен бері (осы жылдың 5 сәуірінен бастап) Алматыда мопед жүргізушілері жасаған 2 мың 600-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелген. 800-ден астам мотокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
Құқық бұзушылықтарды анықтау шаралары Ішкі істер министрі жариялаған алдын алу жылында жүзеге асырылған “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілуде. Жергілікті полиция қызметінің күшейтілген патрульдік полиция жасақтары қала көшелерінде тіркеусіз, сақтандырусыз және жүргізуші куәлігінсіз мопед жүргізу деректерін күн сайын тіркеуде.
— Мопедтерді пайдалануға қойылатын жаңа талаптар күшіне енген сәттен бастап біз оң динамикаға куә болдық: құжаттарын рәсімдеп, тіркеп жатқан азаматтар көбейіп келеді. Дегенмен, Заңды елемейтіндер әлі де бар. Азаматтарды мотокөліктерін дер кезінде заңдастыруға шақырамыз. Бұл тек заң талабы ғана емес, сонымен қатар жеке қауіпсіздік мәселесі. Тіркеу жалғасуда және әркім өз мопедін қолданыстағы ережелерге сәйкес келтіруге мүмкіндігі бар, - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Мемлекет Басшысы бекіткен “Заң және тәртіп” қағидаты аясында Алматы полициясы жол қозғалысына қатысушылар арасында тәртіпті жақсартуға және автокөліктердің қатысуымен болатын жазатайым оқиғаларды азайтуға бағытталған мақсатты профилактикалық іс-шараларды жалғастырады.