Алматыда жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілер анықталды
Алматыда жол қозғалысына қатысушылардың құқық бұзушылықтарының алдын алу, жол-көлік оқиғаларын азайту және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаяу жүргіншілер – жол қозғалысына қатысушылардың ең осал санаттарының бірі саналады.
– Соңғы уақытта жолдарда жаяу жүргіншілердің өліміне әкеп соқтыратын жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Көбінесе жолдарда жол-көлік оқиғалары рұқсат етілмеген жерден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілердің өздерінің кінәсінен болады, – дейді Медеу аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімінің бастығы Арман Усаев.
Ескі «Саяхат» автовокзалына іргелес аумақта жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында патрульдердің тығыздығы артты. Қабылданған шаралар ауқымына қарамастан, рейдтің алғашқы сағатында жаяу жүргіншілер жасаған 15-тен астам құқық бұзушылық анықталды.
Жоғарыда аталған барлық дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар полицейлер, жаяу жүргіншілерге өздерінің қауіпсіздігі үшін жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтау қажеттігін айтады. Жаяу жүргіншілер жолды тек жаяу жүргіншілер өткелдерінен, соның ішінде жерасты және жерүсті өткелдерінен кесіп өтуге міндетті.