Алматыда жол ережесін елемеген шетелдік жүргізушіге 25 әкімшілік хаттама толтырылды
Алматыда полицейлер әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде қала аумағында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған азаматтық анықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері ЖҚЕ бұзғаг жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол – BMW автокөлігін мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқарған 19 жастағы Қырғыз Республикасының азаматы болып шықты.
Жасалған құқық бұзушылықтар бойынша азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің әртүрлі баптары бойынша барлығы 25 әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда:
- 590-баптың 10-бөлігі бойынша – 7 хаттама (Көлік құралын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз басқару);
- 230-баптың 2-бөлігі бойынша – 7 хаттама (Сақтандыру полисінің болмауы);
- 630-баптың 2-бөлігі бойынша – 6 хаттама (Жол төсемінің зақымдануы);
- 630-баптың 1/1-бөлігі бойынша – 1 хаттама (Құқық бұзушылықтың қайталануы);
- 601-баптың 1-бөлігі бойынша – 1 хаттама (Жол белгілерінің талаптарын бұзу);
- 601-баптың 2-бөлігі бойынша – 2 хаттама (Құқық бұзушылықтың қайталануы);
- 434-баптың 1-бөлігі бойынша – 1 хаттама (Ұсақ бұзақылық).
Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асты.
— Қазақстан Республикасының аумағында жүрген әрбір азамат, азаматтығына қарамастан, еліміздің заңнамасын сақтауға міндетті. Жол қозғалысы қауіпсіздігі – бұл жеке таңдау емес, әрбір адамның азаматтық жауапкершілігі. Құқық бұзушылар жедел анықталып, жауапқа тартылатын болады. Бұл – жазасыздық болмайтынын көрсететін мысал. Алматы полициясы мұндай деректерді әлеуметтік желілердегі мониторинг арқылы анықтау жұмыстарын жалғастыра береді, — деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.