Алматыда жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүк көліктеріне тексеріс жүргізілуде
Алматыда полиция қаланың тыйым салынған аймақтарында жүк көліктерінің қозғалысына қатысты бұзушылықтарды анықтау үшін мақсатты іс-шаралар жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейдтік іс-шаралар аясында патрульдік полицияның мамандандырылған батальоны қызметкерлері ірі габаритті көліктердің қозғалысы шектелген негізгі қалалық магистральдердің бірі – Әл-Фараби даңғылын тексерді.
Полицияның мәлімдеуінше, бұл шаралар жазалау мақсатында емес, жол қозғалысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
- Алматы қаласында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылған аймақтар бар. Бұл шаралар кездейсоқ қабылданған жоқ – олар негізгі жолдарды жеңілдетуге және апатты жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, кейбір жүргізушілер белгіленген талаптарды елемей, жол қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Біздің міндетіміз – айыппұл салу емес, түсіндіру, алдын алу және жол қозғалысын тұрақтандыру, – деді Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Сондай-ақ полиция жүк көліктерінің қозғалысына қойылған шектеулерді бұзу заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
