Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды

Алматыда жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы полиция департаментінде әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаевтың төрағалығымен автобус парктерінің өкілдері, қалалық мобильділік басқармасы және полицияның жауапты бөлімшелері қатысқан кеңес өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы — жолаушыларды тасымалдау барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық көлік қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері болды.

Кеңес барысында Асхат Құлбаев қаламызда қоғамдық көліктер қатысқан жол-көлік оқиғаларының саны артқанын, мұндай жағдайларда жиі жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің зардап шегетінін атап өтті.

- Қоғамдық көлік қатысқан әрбір жол апаты – бұл жай ғана құқық бұзушылық емес, адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп. Сондықтан жолаушылардың қауіпсіздігі – автопарктер мен бақылаушы органдар үшін ең басты басымдық болуы тиіс, – деді Асхат Құлбаев.

Жыл басынан бері Алматыда қоғамдық көліктердің қатысуымен 460-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 600-ден аса адам зардап шеккен. Рейдтік іс-шаралар барысында автобус жүргізушілері тарапынан екі мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу деректері анықталған.

Асхат Құлбаев автопарк басшыларына жүргізушілерге күн сайын сапар алдында нұсқаулық өткізу мен көліктің техникалық жағдайын, әсіресе қысқы маусым алдында, қатаң бақылауда ұстаудың маңыздылығын айтты.

- Жүргізушінің тәртібі мен жауапкершілігі тек қауіпсіздікке ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сеніміне де тікелей әсер етеді. Біз автопарк басшыларынан жұмыста жоғары жауапкершілік пен тәртіп күтеміз, – деді әкімшілік полицияның басшысы.

Кеңес соңында қатысушылар полиция, қалалық қызметтер және көлік компаниялары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге, жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуге және жүргізушілер мәдениетін арттыруға келісті.

Жауап қалдыру