Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берген күдікті ұсталды
Алматыда интернет арқылы үй жалдаушыларды алдаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының Бостандық ауданында полицейлер танымал жарнама сайттарында жалған пәтерлерді жалға ұсынып, азаматтарды алдап келген күдіктіні ұстады. Тергеу мәліметінше, ол шын мәнінде жоқ пәтерлерді жалға беремін деп, тұрғындардан толық төлем немесе алдын ала ақы алған. Алайда оның атында ешқандай жылжымайтын мүлік болмаған.
- Интернет арқылы пәтер жалдау кезінде жасалатын кибералаяқтық – кең таралған құбылыс. Олар азаматтардың танымал платформаларға деген сенімін және тез шешім қабылдауға мәжбүр жағдайын пайдаланады. Негізгі тәсілдеріне — нақты хабарландыруларды көшіріп, алдын ала төлем сұрау. Сондықтан азаматтарға сақтық танытып, пәтерді көрмей және келісімшартқа қол қоймай тұрып ақша аудармауды, жалға берушінің құжаттарын мұқият тексеруді, тым арзан бағаға немесе жаңа күмәнді аккаунттарға сенбеуді ұсынамыз, — деді Бостандық аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Денис Лоскутов.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізілуде.
