Алматыда жыл басынан бері 2700-ден астам ЖКО тіркелген
Алматыда жыл басынан бері 2700-ден астам ЖКО тіркелген – деп хабарлайды Polisia.kz
Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, Алматыда жыл басынан бері 2717 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2977 адам зардап шекті, тағы 73 адам қаза тапқан.
– Жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігінің басты себебі – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзуы. Өткен кезеңде ЖКО-ның 99,9 пайызы немесе 2614 жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің кінәсінен орын алған. Жүргізушілердің кінәсінен болатын әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы маневр жасау ережелерін сақтамау салдарынан орын алады. Жыл басынан бері осы себеппен 1163 ЖКО тіркелді. Ал жылдамдықты бұзу салдарынан 395 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Тағы бір себеп – жол қиылысынан өту ережесінің сақталмауы, осындай 567 жазатайым оқиға тіркелді, – дейді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Сондай-ақ, баяндамашы ЖКО түрлері көліктердің соқтығысуы бойынша (алдыңғы, бүйірлік және өтіп бара жатқан) көш бастап тұрғанын атап өтті (1095 дерек). Жаяу жүргіншілерге соқтығысу жол-көлік оқиғаларының жалпы санының 38,8%-ын немесе 1018 ЖКО-ны құрайды, оның салдарынан 1023 адам зардап шекті, тағы 44 адам қаза тапты.
Осы жылдың басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 952 622 жол қозғалысына қатысушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.