Алматыда зорлық-зомбылыққа қарсы қолдау қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді
Алматыда зорлық-зомбылыққа қарсы қолдау қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күніне орай "Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл" республикалық акциясы өтуде. Акцияның мақсаты – отбасы-тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, оны болдырмау шаралары туралы халықтың хабардарлығын арттыру, отбасы институтын нығайту, аналық пен балалықты қорғау.
Кампания аясында қалада ақпараттық-түсіндіру, профилактикалық және әлеуметтік бағыттағы кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып, қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзім қағидатын қалыптастыру және жәбірленушілерге қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар күшейтілді.
– Мемлекет басшысы айқындаған "Заң мен тәртіп" қағидаты – біздің күнделікті қызметіміздің негізгі тірегі. 2025 жыл Профилактика жылы деп жарияланды, сондықтан біз үшін зорлық-зомбылық фактілеріне тек әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу – басты міндет. Қауіпсіз орта қалыптастыру ең алдымен бір-бірімізге деген сыйластықтан, отбасы мен қоғамдағы жауапкершіліктен басталады. Полиция алдағы уақытта да профилактикалық шараларды күшейтіп, халықпен, әлеуметтік қызметтермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істейді. Әрбір әйел мен әрбір бала өздерін қауіпсіз сезінуі керек, – деп атап өтті Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Алматылықтар тәулік бойы келесі байланыс желілеріне жүгініп, көмек пен кеңес ала алады:
"111" – балалар мен отбасыларды қолдау қызметі, "150" – ұлттық сенім телефоны "102" – полицияның жедел қызметі
