Алматыдағы балалар колониясында Республика күні салтанатты түрде аталып өтті
Алматыдағы балалар колониясында Республика күні салтанатты түрде аталып өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласындағы №11 мекемеде жазасын өтеуші жасөспірімдер еліміздің ең маңызды мерекесі — Республика күнін ерекше құрметпен атап өтті.

"Жасай бер, жайнай бер, Тәуелсіз Қазақстаным!" атты мерекелік іс-шараға Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері арнайы келіп, мекеменің тәрбие бөлімімен бірлесе отырып тәрбиелік бағдарлама ұйымдастырды.
Іс-шара барысында жасөспірімдер Отанға деген сүйіспеншіліктері мен патриоттық сезімдерін жүрекжарды өлең шумақтары арқылы жеткізді. Кітапхана қызметкерлері қатысушыларға еліміздің тарихындағы маңызды оқиғалар туралы сұрақтар қойып, олардың білім көкжиегін кеңейтуге және ой-өрісін дамытуға бағытталған викториналық ойындар өткізді.

Белсенділік танытқан жасөспірімдерге кітаптар мен естелік сыйлықтар табысталды. Іс-шара соңында балалар кітапханашылар дайындаған кітап көрмесін тамашалап, мерекелік шараға белсенді қатысқан қатысушылар мақтау қағаздарымен марапатталды.
Бұл мереке жасөспірімдердің бойында елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін оятып, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне зор ықпал етті.
