Алматыдағы балалар колониясында сенбілік өтті
Алматыдағы №11 балалар колониясында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №11 мекемеде "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында 27 сәуір – "Жасыл аймақ" күніне орай сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – мекеме аумағын абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық сана қалыптастыру.
Сенбілік жұмыстары мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарының бастамасымен өтті. Мекеменің жеке құрам қызметкерлері ғимараттың ішкі және сыртқы аумағын тазалап, ағаш түптерін әктеп, гүлзарларға сәндік гүлдер отырғызды. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстары аясында ағаш көшеттері егіліп, мекеме аумағы экологиялық талаптарға сай абаттандырылды.
Мекеме бастығы Алмат Сүлейменов сенбілікке қатысушыларға арнаған сөзінде табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстаудың әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті.
– Әсем қаламыз Алматының тазалығын сақтау – баршаға ортақ іс. Әр тұрғын осындай сенбіліктерге белсенді қатысып, игі іске үлес қосса, қаламыз көркейіп, экологиялық жағдай да жақсара түседі. "Таза Қазақстан" акциясы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сәуір айынан бастау алды. Бұл – қалалар мен ауылдық елдімекендерді тазарту, абаттандыру және көгалдандыруға бағытталған кең ауқымды экологиялық шара. Баршаңызды осындай ізгі бастамаларға белсенді қатысуға шақырамын, – деді Алмат Сүлейменов.
Мұндай сенбіліктер – тек тазалық шарасы ғана емес, ұжымдық рухты арттырып, табиғатты аялауға тәрбиелейтін маңызды іс-шаралар. Акция жалғасын табады.