Алматыдағы балалар колониясында туберкулезге қарсы түсіндіру жұмысы жүргізілді
Алматыдағы балалар колониясында туберкулезге қарсы түсіндіру жұмысы жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел аумағында 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орайластырылған туберкулез ауруының алдын алуға арналған айлық өткізіліп жатыр.
Осы іс-шара аясында Алматы қаласы бойынша ҚАЖД №11 мекемесіндегі сотталған балалар арасында Алматы қаласы №24 емханасының дәрігері Ләззат Дүйсенбай мен фтизиатр дәрігер Әлия Бимбетова ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Дәрігерлер балаларға туберкулездің алғашқы белгілері, медициналық көмекке уақытылы жүгінудің маңыздылығы және емдеудің тиімділігі туралы түсіндірді.
"Біз туберкулезді жеңеміз!" деген ұранмен өткізіліп жатқан айлық туберкулезге қарсы бірлескен іс-шаралар өткізу, қауіпті аурудың жаһандық таралуына тосқауыл қою жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап көрсетеді. Сондай-ақ мамандар жастар арасында салауатты өмір салтын ұстану туралы әңгімелесіп, олардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Сотталған балалар жазасын өтейтін №11 мекемеде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарымен бекітілген барлық норма қатаң сақталады. Балалар мекемеге келгеннен кейін үш тәулік ішінде флюорографиялық тексеруден өтеді және Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен белгіленген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау жұмыстары қатаң қадағаланады.