Алматыда сотталған балаларға дәріс оқылды
Алматыда сотталған балаларға дәріс оқылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласындағы балалар колониясында тәрбиелік жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Мұндағы басты мақсат – жасөспірімдерді теріс әдеттерден сақтандырып, қоғамға бейімдеу. Өйткені бұл жерде әртүрлі ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан балалардың арасында есірткіге қатысты заң бұзғандар да бар.
Жуырда колонияда Алматы қаласының "Психикалық денсаулық орталығының" нарколог дәрігері Айтолқын Жүзбаева сотталған жасөспірімдерге арнап есірткінің зияны мен оның адам өміріне тигізер зардабы туралы дәріс өткізді. Балалардың санасына есірткінің қаншалықты қауіпті екенін сіңіру мақсатында өткен кездесуде ҚАЖ департаментінің эпидемиолог дәрігері С. Таласбаев та сөз алып, зиянды әдеттердің ауыр салдары жайында кеңінен әңгімеледі.
Сонымен қатар ол биыл наурыз айында күшіне енетін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңының негізгі талаптарын түсіндіріп өтті.
Дәріс соңында қатысушыларға есірткі қылмысының алдын алу мақсатында арнайы ақпараттық буклеттер таратылды.