Алматылық балалар жедел басқару орталығына барды
Алматылық балалар жедел басқару орталығына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясының құрылғанына 33 жыл толуына арналған имидждік және идеологиялық айлық аясында Алматы қаласы полиция департаментінде балаларға танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Алматылық 25 бала құқық қорғау саласына қызықты саяхат жасап, ПД-ның жедел басқару орталығына барды. Мұнда оларға тәулік бойы азаматтардан қоңыраулар қалай қабылданатыны, полиция жасақтарының жедел әрекет етуі және заманауи технологиялардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі көрсетілді.
Содан кейін балалар департамент мұражайына барып, алматылық полицияның көпжылдық тарихымен, ерлік жолымен, ұрпақтар сабақтастығымен және полиция қызметінің қоғам өміріндегі маңыздылығымен танысты.
- Мұндай шаралар балалар үшін жай ғана экскурсия емес. Бұл – Заңға, мемлекетке және қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген адамдарға деген құрметті тәрбиелеудің маңызды бөлігі. Біз өсіп келе жатқан ұрпақ полиция туралы жай ғана білмей, оны қорғаушы ретінде сезініп, сеніп, құрметтей білгенін қалаймыз, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.
Алматы қалалық полиция департаменті ІІМ жариялаған профилактика жылы аясында мектеп оқушылары мен жасөспірімдерге арналған ашық іс-шараларды өткізуді жалғастырады.