Алматылық фирмалардың бірінің кеңсесінен ұрылар ақша салынған сейфті алып кеткен
Алматылық фирмалардың бірінің кеңсесінен ұрылар ақша салынған сейфті алып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыскер дуэттің әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
– Кеңсеге кірудің бірінші әрекеті сәтсіз аяқталды. Бұл сәтті де бейнекамералар түсіріп алған. Басты іс-шара кезінде қаскөйлердің бірі екінші қабатқа көтеріліп, пластик терезені ашқан және сол арқылы сейфті көшеге лақтырып жіберген. Сол жерде екінші қаскөй күтіп тұрған. Күдіктілердің олжасы бір жарым миллион теңгеден астам соманы құраған. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында күдіктілер ұсталды. Олар 26 және 28 жаста. Бұрын екеуі де осыған ұқсас қылмыстар үшін сотталған, – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Ұсталғандарға бөтеннің мүлкін ұрлады деген айып тағылды. Олар қамауға алынды.