Алматылық оқушылар ІІМ академиясына экскурсия жасады
Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясының кампусы бойынша болашақ "Жас сақшы" кадет сыныбының мүшелеріне экскурсия ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Айта кетейік, академия бастама көтеріп, Алматы қаласының №99 жалпы білім беретін мектебінде кадет сыныбын ашуды жоспарлап отыр. Экскурсия балаларға болашақ полицейлердің қай жерде оқитынын көруге, оқу процесінің атмосферасын сезінуге және өздерін үлкен команданың бір бөлігі ретінде сезінуге бағытталған. Бұл бастаманың басты мақсаты - жас кадеттерге патриотизмді, Отанға деген сүйіспеншілікті бойларына сіңіріп, полиция қызметі жайлы тереңірек мағлұмат беру.
Экскурсия барысында балалар академияның оқу және практикалық аймақтарымен танысты, жаттығу залдарын, оқу кабинеттері мен полигондарды аралады. Олар оқытушылармен және білім алушылармен сөйлесуге, құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшеліктері туралы көбірек білуге және өз елінің дамуына қандай үлес қоса алатынын түсінуге мүмкіндік алды.
Кездесу аясында №99 жалпы білім беретін мектепте "Жас сақшы" жасағын құру туралы келісім жасасу рәсімі өтті, оған Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин және №99 жалпы білім беретін мектептің директоры Санияш Ембергенова қатысты.
- Бұл жасақ мектептің және бүкіл қоғамның өмірінде полицияның жас көмекшілері ретінде маңызды рөл атқаратын болады. Олар полиция қызметкерлерімен бірге патрульдеуге, түрлі профилактикалық іс-шараларға, сондай-ақ құқықтық хабардарлықты арттыруға бағытталған ақпараттық науқандарды ұйымдастыруға қатысады. Тәртіп барлық жерде керек – мейлі ол қоғамда болсын, мейлі көшеде болсын, бірінші кезекте отбасыда және мектептен бастау алады. Жас тәртіп сақшылары сондай-ақ өз құрдастары арасында тәртіпті, жауапкершілікті және ережелерді құрметтеуді дәріптейді. Осы кезден өскелең ұрпақтың заң мен тәртіпті дұрыс қабылдауын қалыптастыру маңызды, - деп атап өтті Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин.