Алматылық ұры Қарағанды облысындағы телекоммуникациялық компанияға 7 млн теңгеге жуық шығын келтірді
Алматы тұрғыны Қарағанды облысындағы телекоммуникациялық компанияға 7 миллион теңгеге жуық шығын келтірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 тамызда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының полиция бөліміне телекоммуникациялық компаниялардың бірінен хабарлама келіп түсті. Белгісіз біреу Гүлшат ауылынан екі шақырым жерде орналасқан желіден мыс кабелін ұрлаған. Келтірілген шығын көлемі 6 млн 879 мың теңгені құрады. ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
13 қыркүйекте жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Бұл кінәсін мойындаған 60 жастағы Алматының тұрғыны болып шықты. Айғақты зат тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.