Алматылық жасөспірімдер алғаш рет жеке куәліктерін алды
Қазақстан полициясының құрылғанына 33 жыл толуына орай Алматы қаласында мемлекет пен азаматтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған имидждік және идеологиялық іс-шаралар жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осылайша, Әуезов ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығында 16 жасқа толған қала тұрғындарына алғашқы жеке куәліктерді табыстау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл сәт олардың ересек өмірге қадам басуының және азаматтығы мен жеке басын растайтын алғашқы ресми құжатты алуының нышаны болды.
- Жеке куәліктің алғаш рет табысталуы – әрбір азаматтың өміріндегі маңызды қадам және жастардың құқықтық сәйкестілігін нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Жеке куәлік – азаматтың жеке басын растайтын алғашқы ресми құжат. Бұл – ересектік жауапкершіліктің символы және өмірдің жаңа кезеңінің басталуы. Осындай маңызды сәтте жас азаматтарымыздың жанында болу біз үшін үлкен қуаныш, – деді Алматы қалалық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.
Қаланың көші-қон қызметі жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға және мемлекеттік рәміздер мен құжаттарға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.