Алматылық жастар арасында есірткіге қарсы шағын футболдан турнир өтті
Алматылық жастар арасында есірткіге қарсы шағын футболдан турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне, сондай-ақ «AlmaCUP» жобасын жүзеге асыруға арналған нашақорлыққа қарсы айлық аясында Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері арасында шағын футболдан турнир өтті.
Жарысқа барлығы 20-дан астам студенттік командалар қатысты.
– Мақсат – есірткісіз болашақ құру! Дені сау ұрпақ – еліміздің болашағы. 1987 жылдан бері жыл сайын 26 маусымда дүниежүзілік қоғамдастық Халықаралық нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күнін атап өтеді. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлық әлемдік ауқымда өсіп келе жатқан проблема. Бұл біздің заманымыздың ең қорқынышты құбылыстарының бірі. Күн сайын қаншама адам күнделікті қиындықтардан жасырыну үшін оны қолдануға тырысып, жамандықтың торына түседі. Өз өміріңе жасайтын мұндай эксперименттер үшін төлем жоғары, ал нәтижелері кейде қайтымсыз болады, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мәди Құрманжанов.
Сондай-ақ спикер, бүгінгі таңда Қазақстанда нашақорлыққа қарсы нақты және дәйекті стратегия жүзеге асырылып жатқанын, оның аясында нашақорлықтың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған бірқатар жобалар іске қосылғанын еске салды.
– Біз баршаңызды есірткіден, темекіден және алкогольден бас тартуға, Сіздерге оны ұсынатын адамдарға нақты және қатаң түрде «ЖОҚ» деуге, психоактивті заттарды қолдануға байланысты жағдайлардан аулақ болуға және өмірді, спортты, салауатты өмір салтын таңдауға шақырамыз!, — деді Мәди Құрманжанов.