Алматының бас полицейі шаһардағы қылмыстар санының азаю себептері туралы айтып берді
Алматы қаласының бас полицейі шаһардағы қылмыстар санының азаю себептері туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылы шаһардағы қылмыс деңгейі екі есеге азайды. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтар азырақ тіркелді, көшедегі қылмыстар да азайды. Сонымен қатар, қылмыстың «ізін суытпай» ашу 12,3%-ға жақсарды.
– Қалада қылмыстың азаюына үш себеп әсер етті, олар – карантиндік шараларды күшейту, полицияның модульдік бекеттерін құру және жаяу нарядтарды көбейту. Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті қорғауды полицияның кешенді күштері аулалар мен көшелерді патрульдеу арқылы жүзеге асырады. Бүгінде орта есеппен күніне көшеде 1 мың 650 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның 660 әскери қызметшісі екі ауысымда, 550 криминогенді бағыттағы аулалардың аумақтарын барынша қамтып, қоғамдық тәртіпті қорғау үшін жұмылдырылған. Сонымен қатар, 37 ең криминогендік аймақ анықталды, әр ауданда 4-5 аймақ, онда модульдік полиция бекеттері орнатылып, жаяу жасақтардың саны көбейтілді. Жаяу жасақтардың саны 100 патрульге көбейді. Егер 2019 жылы 250 жаяу патруль болса, 2020 жылы олардың саны 350 болды, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Модульдік пост патрульдік бекеттердің орталығы болып табылады және олардың іс-қимылдарын үйлестіреді. Патрульдік маршруттар посттардан бірдей қашықтықта болатындай етіп құрылған, сол арқылы құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларға жедел ден қою, жаяу жүргіншілер мен патрульдеуші көлік құралдарымен радиобайланыс арқылы жүзеге асырылатын ақпараттармен алмасу және өңдеу мүмкіндігі беріледі. Жедел ден қою қылмыскерлерді тез ұстауға және жеткізуге ықпал етеді және қызметкерлердің өзара алмасуын қамтамасыз етеді.
– Мәселен, Алатау ауданындағы «Нұркент» шағын ауданында 2020 жылдың қыркүйек-қазан айларында 17 қылмыс тіркелді. Сол жылдың қараша айында модульдік пост орнатылғаннан кейін қылмыстарды тіркеу көрсеткіші екі айда тоғыз ғана қылмысты құрады. Оның ішінде бесеуі «ізін суытпай» ашылды. Осылайша, жаяу жүргіншілер мен автокөлік нарядтарының санын қайта бөлу, стационарлық модульдік полиция бекеттерін құру, алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттырады, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге мүмкіндік береді және «қолжетімді полиция» қағидатын жүзеге асыруға ықпал етеді , – деп түйіндеді Қанат Таймерденов.