Алматының дәріханаларында есірткі сатудың екі дерегі анықталды
Алматының дәріханаларында есірткі сатудың екі дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын хабарланғандай, Алматыда «Дәрмек» іс-шарасы өтіп жатыр. Басты назарда – дәріханалық есірткілер. Заңды есірткі айналымы саласында тексерулер басталды.
– Тәжірибе көрсеткендей, қаланың кейбір дәріханаларынан құрамында есірткісі бар препараттарды сатып алу қиын емес. Ұйықтататын дәрі рецептсіз сатылады, бағасы 1500 теңге ғана. Осылайша, Айнабұлақ-2 шағын ауданында біздің бөлімшенің қызметкерлері Жетісу аудандық ПБ-ғы әріптестерімен бірлесіп, 28 жастағы Ш.есімді азаматты ұстады, одан бір орам ұйықтататын дәрі табылып, тәркіленді. Ұсталған азаматтың айтуынша, ол препаратты аудандағы дәріханалардың бірінен сатып алған. Қаланың Алатау ауданында «дәріханалық есірткінің» тағы бір әуесқойы ұсталды. 20 жастағы И.есімді азамат рецептсіз көз тамшыларын сатып алған. Осы мәселенің өзектілігін ескере отырып, ІІМ-нің бастамасымен күшті әсер ететін заттардың қатарына қосу арқылы кейбір дәрілік заттардың айналымына бақылау күшейтілді. Бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің 10.06.2021 жылғы №396 «Адамның өмірі мен денсаулығына зиянын тигізетін күшті әсер ететін заттардың тізімін анықтау туралы» қаулысында көрсетілген, – деп хабарлады Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Сондай-ақ, баяндамашы «Дәрмек» ЖАІ қызметінің негізгі бағыттарының бірі ҚР ҚК-нің 303-бабында (Есірткі құралдарымен күресу қағидаларын бұзу) көзделген құқық бұзушылықтарды анықтау екенін атап өтті.