Алматының жеке секторында шолақ мылтығы бар қарақшылар ұсталды
Алматының жеке секторында шолақ мылтығы бар қарақшылар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Медеу ауданы полициясының мәліметінше, кешкі тоғыз жарымда үш ер адам өтіп бара жатқан адамға шабуыл жасаған: күш қолданып, ұялы телефоны мен басқа да мүлкін тартып алған.
– Жедел шаралар кешені, соның ішінде қаланың бейнебақылау жүйелеріне мониторинг жасау кезекші тәулік ішінде қаскөйлердің жүріп өткен көлік маркасын, сондай-ақ олардың жеке басын анықтауға мүмкіндік берді. Бұл – 30, 19, 18 жастағы жергілікті тұрғындар. Күдіктілердің көлігі Тәттімбет көшесінде бөгелді. Шабуылшыларды ұстау бойынша арнайы іс-шара полицияның арнайы жасақтарының көмегімен жүргізілді. Көліктің ішін тінту кезінде шолақ мылтық табылды. Тәркіленген қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Оның шығу тегі, қандай қылмысқа қатысы бар екені осы зерттеу нәтижесінде белгілі болады, – деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Спикердің айтуынша, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеудің осы кезеңінде олардың кем дегенде үш тонауға қатысы бар екендігі анықталды.