Алтай ауданының полицейі жоғалған ерекше баланы тапты
Алтай ауданының полицейі жоғалған ерекше баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 1 тамызы күні сағат 10:00 шамасында Алтай ауданының учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны О. Мастикбаев патрульдеу кезінде өзін біртүрлі ұстаған 9-10 жас шамасындағы баланы байқап қалады. Бала Алтай қаласындағы Панфилов көшесі бойындағы соңғы аялдамада тұрған.
Полиция қызметкері баланың кім екенін, сондай-ақ ата-анасының орналасқан жерін анықтау үшін дереу шаралар қабылдай бастады. Баланың оның сұрақтарына жауап бермей, үнсіз тұруы жағдайды қиындатқан, сөйтсе ол ерекше бала екені анықталды.
Тәртіп сақшылары Алтай қаласының психологиялық-неврологиялық диспансеріне жүгініп, нәтижесінде мамандар кәмелет жасына толмаған баланың жеке басын, тұрғылықты мекенжайын және оның ата-анасының деректерін анықтап біледі. Сонымен қатар баланы медицина қызметкерлері қарап, оның өміріне ештеңе қауіп төндірмегенін айтады.
Кейінрек ата-анасы ұйықтап жатқандықтан ұлдарының үйден қалай кеткенін байқамай қалғаны белгілі болды. Жоғалып кетіп, полиция қызметкерінің арқасында аман-есен үйіне қайтарылған баланың анасы тәртіп сақшысына алғысын білдірді.