Алтай қаласында полицейлер көшеде жалғыз жүрген 4 жасар қызды тауып алды
Алтай қаласында полицейлер 40 градус аязда көшеде жалғыз жүрген төрт жасар қыз баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 15 қаңтарында сағат 09.50 шамасында Алтай ауданы ПБ-нің «102» жедел арнасына белгісіз ер адамнан Алтай қаласының Стахановская көшесінде орналасқан дүкендердің бірінің жанында ата-анасының қарауынсыз кішкентай қыз баланың жүргендігі туралы хабарлама келіп түсті.
Тәртіп сақшылары мән-жайды анықтау барысында 15 қаңтар күні сағат 08.00 шамасында кәмелетке толмаған қыздың 38 жастағы анасы ауруханаға дәрігердің қабылдауына барғанын анықтады. Бұл кезде қыз баланың 45 жастағы әкесі Грехово ауылында жұмыста болған. Ұйқыдан оянған кішкентай қыз бала үйде ешкім жоқ екенін көріп, киініп, анасын іздеуге далаға шыққан.
40 градус аязда дүкеннің жанында тұрған кішкентай қызды жұмысқа бара жатып көрген ер адам, жақын жерде қыздың ата-анасын таппаған соң, бұл жайтқа бей-жай қарай алмай, полициядан көмек сұраған.
Жедел іс-қимыл барысында құқықтық тәртіп сақшыларымен сәбидің ата-анасы туралы мәліметтер дереу анықталып, 30 минут ішінде Алтай ауданы ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі қызметкерлері баланы ата-анасына аман-есен тапсырған.
Кәмелетке толмаған баланың анасы Алтай қаласының полиция қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны үшін, сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет еткені үшін үлкен алғыс білдірді.