Алты қыз тәрбиелеп отырған үлгілі полицейдің қызметтік жолы
Әке – отбасының тірегі, баланың алғашқы қамқоршысы, қорғаны. Ал еліне қызмет етіп, үйінде алты бірдей қыздың әкесі болып отырған азамат – ерекше құрметке лайық. Осындай жандардың бірі – Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторының кезекші инспекторы Нұртай Садықов туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Нұртай 1990 жылы Сыр өңірінде дүниеге келген. Алдымен колледжде білім алып, кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде жоғары оқуын тәмамдаған. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, ішкі істер органдарындағы қызметін Тылмен жабдықтау басқармасынан бастап, қазір Уақытша ұстау изоляторында кезекші инспектор болып қызмет атқарып келеді. Бұл сала – шыдамдылықты, тәртіпті және үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Полиция аға лейтенанты Нұртай Садықов ішкі істер органдарында 2010 жылдан бері еңбек етіп келеді. Он бес жылға жуық уақыт ішінде талай сынақтан сүрінбей өтіп, әріптестері арасында сыйлы, басшылық тарапынан сенімді қызметкер ретінде танылған. Алайда Нұртайдың басты жетістігі – шен мен атақтан жоғары тұрған бір мәртебесі бар. Ол – алты қыздың әкесі. Үлкені небәрі 10 жаста, кенжесі – бір жасар. Бұл – бір жағынан бақыт, ал екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Қыз тәрбиелеу – жүректен шыққан мейірім мен даналықты талап ететін ерекше міндет.
Қыздарының тәрбиесіне ерекше мән беретін Нұртай оларға адалдық, қарапайымдылық, еңбекқорлық пен мейірімділік сияқты қасиеттерді үйретіп келеді. Ол өз қыздарының әр қадамын бақылап, болашағына бағыт-бағдар беріп, оларға өмір жолында дұрыс жол сілтеуші болып отыр. Ол – тек әке ғана емес, сондай-ақ қамқоршы, ұстаз, жанашыр тұлға.
Әкенің сөзі – тәрбие, ісі – үлгі. Нұртай отбасында – мейірімді, сабырлы әке, ал қызметінде – қатал тәртіпті ұстанатын офицер. Мұндай азаматтар ел тыныштығы мен ұрпақ тәрбиесін қатар алып жүрген шын мәніндегі батырлар. Әкелер күні – осындай абзал жандардың еңбегін, отбасына деген сүйіспеншілігін құрметтейтін ерекше күн. Нұртай Садықов – тек өз қыздарының ғана емес, сондай-ақ айналасындағы жас әріптестеріне де үлгі боларлық тұлға.