Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Аминат Есергепова: «Полиция қызметі – батылдық пен іскерлікті талап ететін сала»

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген нәзік жанды полицейлер жайлы ақпарат ұсынады.

Атқарып жүрген күнделікті еңбегі арқылы ерекше құрметке бөленіп жүретін мамандық иелері болады. Олардың қатарында нәзік жанды қыздар да кездеседі. Азаматтардың құқығын қорғаушы, қылмыскерді құрықтаушы полицей дегенде көпшіліктің көзіне мығым денелі ер адам елестейтіні анық. Алайда бұл әйелдер тәртіп сақшысы бола алмайды деген сөз емес.

Елімізде қаншама мың нәзік жандар заңның тұтастығын күзетіп, аталған мамандық бойынша жұмыс істейді. Осындай жандардың қатарында ішкі істер саласында 2017 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан полиция аға лейтенанты Аминат Есергепова да бар.

Аминат Қостанай облысы Жетіқара қаласында дүниеге келген. Жетіқара қаласында орта мектепті бітірген, 2010 жылы Астана қаласы Қазақстан – Ресей университетіне заңгер мамандығына оқуға түскен. Бала кезінен полицей болуды армандаған сақшы қыз алғашқы қызметін Жетіқара қаласы Жетіқара ауданы полиция бөлімінде ақпарат және байланыс инспекторы болып бастаған. Бүгінде Астана қаласы ПД Есіл ауданы жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып абыройлы қызмет атқарып келеді.

Ер азаматтармен қатар иық тірестіріп жүрген аға лейтенант ел тыныштығы жолында уақытпен санаспай, елорда аумағы тұрмысының тәртібін қадағалап, қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада қызмет пен отбасын қатар алып жүрген Аминат екі батыр ұлдың анасы.

– Полиция қызметі – батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін қиын сала. Дегенмен бала тәрбиесі сияқты үйдегі міндеттер тағы бар. Кейде жұмыстан қол тимей жатқан кездерде, отбасым маған үлкен демеу береді. Кішкентайымнан менің кез келген таңдауымды қолдап, бүгінге дейін демеп жүрген ата-анама ерекше алғысымды айтамын. Әкем – қазақ, анамның ұлты – авар, ал отбасымызда бала күннен қазақша сөйлеп, туған елімнің салт-дәстүрін ұстанамыз. Анам жастайымнан қазақ халқының әдет-ғұрпын құлағымызға құйып, ұлттық мәдениетке, ана тілімізге құрметпен қарауға тәрбиеледі.Қарапайым өмірде әйел адамдар сирек меңгеретін мамандықты таңдасам да атқарып жүрген қызметімді мақтан тұтамын және жақсы көремін, – деп бөлісті ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру