«Анаға құрмет» музейі балалар колониясында көрме өткізді
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №11 мекемесіндегі сотталған балалар Алматы қаласындағы «Анаға құрмет» музейі әкелген экспонаттарды тамашалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Музей қызметкерлері балалар колониясына көне ыдыстар, бұрынғы замандағы батырлардың қару-жарақтары, бас киімдері және қолдан кестелеп салынған мешіт суреттері сияқты жәдігерлер әкеліп, балаларды олардың тарихымен таныстырды. Сонмен қатар мүсінші-керамист Ғалымжан Жансеитов әрбір балаға қазақ үй тәрізді жасалған қолөнер бұйымын тарту етті.
– Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – жазалы жасөспірімдерді туған еліміздің көне тарихымен таныстырып, ата-бабаларымыз аманат еткен ұлы даланы көздің қарашығындай сақтауға, Отанға адал қызмет етуге бағыттау. Олар әрбір жәдігерді көріп, өздері музей аралағандай ерекше сезімде болды, – дейді «Анаға құрмет» музейінің директоры Гүлнәр Әбіш.
Ал мүсінші-керамист Ғалымжан Жансейітов жазалы жасөспірімдердің еркіндікке шыққан соң осындай ерекше жұмыстармен айналысып, өз еңбектерімен қоғамнан өз орындарын табатынына ықпал етуді мақсат еткенін атап өтті.