Анасына ренжіген қыз «жігітінің» ауылына кетіп қалған
Үйінен шығып, із-түзсіз кеткен 16 жастағы қыз Қарағанды облысынан табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда әйел кешкі сағат 17.00 шамасында қызы үйінен шығып кетіп, содан хабарсыз кеткенін көрсеткен. Жасөспірімнің анасы өз бетінше іздеуден еш нәтиже шықпаған соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды.
Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері толық құрамда қызды іздеуге кірісті. Халық көп шоғырланған аймақтарға қыздың суреттері ілініп, ТО ПД аудандық, қалалық полиция бөлім, басқармаларына бағытнамалар жіберілді.
Тәртіп сақшылары жоғалған қызды тез арада табу мақсатында такси жүргізушілерінен, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді.
Соның нәтижесінде екі күн ішінде қыздың жүрген жері анықталды. Ол Қарағанды облысынан, әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп жүрген жігіттің ауылынан табылды. Қазіргі таңда жасөспірім қыз ата-анасына аман-есен табысталды.
Полиция қызметкерлерінің арқасында анықталғандай жасөспірім қыз анасымен сөзге келіп, үйінен шығып кеткен. Мұндай жайт бұдан алдында бірнеше рет қайталанған. Өз кезегінде қызының дін-аман табылғанына қуанып, анасы полицейлерге алғысын білдірді.
Түркістан облысының полицейлері барлық ата-аналарға балаларына үйден үлкендердің рұқсатынсыз шықпау керектігін үнемі ескертіп, оларды бақылауда ұстау керектігін ескертеді. Сонымен қатар жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде дос ретінде сөйлесуге кеңес береді.