Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Антқа адал болу – өмірлік мақсатым": ел үмітін арқалаған полицей

Өнер – ұлттың жаны десек, сол жанға дем беріп жүрген полиция қызметкерлерінің қатары көп. Қатал қызметтің жүгі қанша ауыр болса да, іштегі сәулені тұншықтырмай, өнерге өмір сыйлап жүрген сақшылардың бірі – Азамат Мырзахметов. Жас болса да, қызметте ерекше көзге түсіп, үлкендердің батасын алып жүрген полицей Polisia.kz сайтына сұқбат берді.

Полиция қызметі тек құқық қорғау шараларымен ғана шектелмейді, ол қоғамдық тәртіп пен мәдениетті сақтауда да маңызды рөл атқарады. Өнер – қоғамның рухани дамуының негізі болса, тәртіп пен құқық – қоғамның тұтастығын сақтайтын тірек. Осы қос саланың тоғысқан тұсы – тұрақтылық пен мәдениеттің берік қалыптасқан ортасы. Бұл сапта қоғамдық тәртіппен бірге руханиятқа да жанашыр бола алатын тұлғалар болу керек. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз дәл біз сөз етіп отырған қағиданы жандандырып жүрген қызметкер.

Полиция аға лейтенанты Азамат 2000 жылы 28 ақпанда дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан-ақ қалам ұстаған жас өрен бүгінгі таңда қоғам тыныштығын күзетіп жүрген жігерлі сақшы. Бала кезден жан-жақты болған талантты кейіпкеріміз полиция қызметкері боламын деген арманын жүзеге асыру үшін алдына мақсат қойды. Ата-анасының ақ батасымен мақсатына жету үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында білім алды. Қазіргі таңда Шымкент қаласы полиция департаментінің Абай аудандық полиция басқармасында анықтаушы қызметін атқарып жүр. Сонымен қатар бұған дейін бір жыл арнайы прокуратураға жіберіліп, онда тергеуші лауазымында қызмет етті. Кейін интернет-алаяқтыққа қарсы күрес бөлімінде алты ай қызмет атқарған.

- Қызметтегі негізгі міндетім – алдын ала тергеу жұмыстарын жүргізу. Яғни дәлелдерді жинау, куәгерлер мен күдіктілерден жауап алу, хаттама толтыру. Қылмыстың себептерін анықтап, жағдайды талдау. Сонымен қатар процессуалдық құжатттарды дайындаймын, ол дегеніміз қаулылар, хаттамалар, қорытынды сынды құжаттарды рәсімдеу, - дейді Азамат.

Сондай-ақ тәртіп сақшысы жұмыс барысында Заң талаптарының сақталуын қатаң бақылайды. Тергеуге қатысушылардың құқықтарын қорғап, заң бұзушылықтарға жол берілмеуін қамтамасыз етеді.

Кейіпкеріміздің сөзінше, бұл қызмет дәлдік пен қырағылықты талап етеді. Қылмыстық істердің мән-жайын анықтап, әділдік орнату үшін кез келген шешімді асықпай, байыппен қабылдау қажет.

- Біздің басты мақсатымыз – жоғарыда айтқанымдай, қылмысты ашу және заңға негізделген әділ әрі объективті процесс арқылы әділдік орнату. Қызметтегі ешқашан ұмытпайтын сәтім – қылмыстық іс бойынша қабылданған шешім жәбірленуші немесе күдіктінің тағдырын шешетінін түсінген кезім. Сондықтан менің титтей де болсын қателесуге қақым жоқ. Сол үшін кез келген оқиғада дұрыс шешім қабылдауға аса мән беремін, - деп атап өтті офицер.

- Азамат, айтыңызшы, халықпен жұмыс істеу қаншалықты қиын?

- Білесіз бе, маған көпшілікпен жұмыс істеген қатты ұнайды. Мен қызметтегі әр міндетімнің кемшіліксіз орындалғанын қалаймын. "Батаменен ел көгерер" дегендей, әрбір алғыс сөз мені тек алға жетелейді. Азаматтардың бір ауыз жылы сөзін есту, олардың шынайы көңілін сезіну – менің өмірлік жолды дұрыс таңдағанымның дәлелі. Бұл сезімдер жанымды сөзсіз жадыратады. Мұндай көңілдің жанында қиындық деген сөз емес.

- Полиция мұраты – ел үмітін ақтау, ал тұлға ретінде сіздің қандай асыл мұратыңыз бар?

- Жалпы, бұл өмірде армансыз адам жоқ шығар, сірә. Бала кезден адамдарға көмектесуге құштармын. Табиғатым сондай. Жаным соны қалап тұрады. "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" деген бар. Ата-анамның берген тәрбиесін ақтағым келеді. Шіркін, барлық жандарға көмектесе алсам ғой деп армандаймын. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Оқушы кезім. Көпқабатты үйдің кіреберісінде бір әйел жылардай болып дауыстап, көмек сұрап жатыр екен. Бірден жүгіп бара қойдым. Сөйтсем, есік іштен құлттанған. Іште балалар бар. Әйелдің айтуынша, газ қосылып қалған болуы мүмкін, Балалар уланып қалды, сондықтан олар есікті ашпай жатыр деген үрей басым болды. Сонымен құтқарушылар келем дегенше, есікті ашуға бар күшімізді салдық, абырой болғанда, есікті ашып, ішке кіре алдық. Сөйтсек, үрейіміз шын болып шықты. Балалар иістеніп, ұйықтап кеткен екен. Дәл уақытында балаларды сыртқа алып шықтық. Құтқарушылар да келді, қателеспесем, балалар дәрігердің қарауында болды. Өмірлеріне ешқандай қауіп төнбеді. Осылайша, бір анаға қуаныш сыйлай алдым. Көрсеңіз ғой, ана жүрегінің қалай дамылдағанын, қуанғаннан жарылардай болды. Алғысын білдірді. Сол сәтте мен халыққа көмектесу – маған күш сыйлайтынын түсіндім. Антқа адал болу – менің тұлға ретінде өзгермес мақсат-мұратым.

- Бәріміздің қиялымызда үлгі ететін бір ерекше жан болады ғой. Соған ұқсасақ екен деген ішімізде сәбидікіндей кірленбес тілегіміз бар. Сіз қызметте кімнен үлгі аласыз? Кімге қарап бой түзейсіз?

- Полиция қызметкері – халықтың қорғаны әрі қоғамның тыныштығын қамтамасыз етуші. Қылмысты ашу мен қауіпсіздікті сақтау жолында олардың еңбегі өлшеусіз екеніне ешкім қарсы келе қоймас. Бұл қызметті атқару үшін терең білім, мықты ерік-жігер қажет. Полицейлер сабырлық пен төзімділікті бойына сіңіріп, қиын жағдайларда тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білуі тиіс. Шапшаңдық, кәсіби ұтқырлық және ұстамдылық – бұл мамандықтың басты талаптары. Сонымен қатар азаматтармен ашық тіл табыса білуі, сыпайылық танытуы мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуі де аса маңызды. Мен осы қызметте ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан абыз ардагерлерімізден, антқа деген адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан барлық аға буын мен жас әріптестерден үлгі аламын.

Жігітке жеті өнер де аз

- Азамат, өзіңіз айтқандай, өнерге бала шақтан бір табан жақын болдыңыз. Алайда ел тыныштығын күзетуді мақсат еттіңіз. Қызмет пен өнерді бір арнаға қалай тоғыстыра алдыңыз?

- Полицей болу – менің ақ адал арманым болған. Мен сол жолда ыстыққа күймей, суыққа тоңбай қызмет етуді мақсат етем. Ал өнер – мені таңдады. Қызмет менің өмірлік таңдауым болса, өнер сол жолда маған еркіндік сыйлайтын қанат.

Жастайынан форма киіп, елге қорған болуды мақсат екен Азамат бүгінде қызметтің әр сәтінен рақат алады. Күш алып, тәжірибе жинайды. Десе де, қауырт қызметте босаңсымай, қажырлы болуына өнерге деген жақындығы көп көмектеседі екен. Азамат – музыкалық жанрдың бір түрі – рэп шығарғанды жақсы көреді. Өнердің осы түрі арқылы іштегі ойын, қалауын музыкаға сай, ритмге келтіріп ерекше етіп жеткізеді. Оның сөзінше, рэп оқу - оның негізгі қызметтен тыс кездегі хоббиі.

- Мен үшін полиция қызметі – өмірлік миссиям. Ал рэп – жан дүниемнің еркін көрінісі. Қызметтен бос уақытта рэп жазамын. Жалпы, ән жазуды 2016 жылдан бастап нақты қолға алдым. Алғашқы әнімді өзімнің жарыма, шаңырақ көтермей тұрғанда арнағанмын. Бүгінде екеуміз бір тәп-тәтті перзенттің ата-анасымыз, - дейді ел сақшысы.

- Азамат, рэп оқудан басқа тағы қандай хоббиіңіз бар?

- Менің ерекше хоббиімнің бірі – мотоцикл тізгіндеу. Мен қалада өстім. Сондықтан менде атқа мініп, шабуға мүмкіндік болмады. 10 жылдан астам уақыттан бері мотоциклмен жүремін. Бұл – нағыз адреналин. Мотоцикл басқару – еркіндікті толық сезінуіме мүмкіндік береді. Спортқа арнайы уақыт бөлемін. Себебі біз әрқашан физикалық тұрғыдан мықты болуымыз керек. Футбол да сүйікті спорттарымның бірі. Жалпы, қызметтен тыс уақытты пайдалы дүниеге арнауға тырысамын. Жиі подкасттар, аудиокітаптар тыңдаймын. Бұл әдеттер менің тоқтаусыз дамуыма көмектеседі. Себебі біз халықпен жұмыс істейміз. Халықтың сенімін ақтау – басты парызымыз. Ал ол үшін артта қалуға болмайды. Білім де, білік те, білек те керек.

Қандайда бір аспаптарда ойнай аласыз ба?

- "Жігітке жеті өнер де аз" демекші, гитараны өзіме серік еткем. Жұмыстан тыс уақытта гитараны қолыма жиі аламын, - деп жымиды кейіпкеріміз.

Сондай-ақ Азамат иттерді жаттықтырғанды жақсы көреді. Оның доберман тұқымды төртаяқты досы болған. Оны Зара деп атап, 11 жыл күтіп баптаған көрінеді. Кейіпкеріміз жануарларға қолынан келгенше қамқорлық көрсетуге тырысады екен.

Азаматты топжарған деп атар едім. Себебі ол еселі еңбегімен еленіп, таудай талабымен төрге қарай ұмтылып келеді. Оның бір күндік өмірін көрсеңіз, осыншама энергияның қайдан келіп жатқанына таң қаласыз. Ол әр күнін пайдалы өткізуге ұмтылады. Әсіресе, демалыс күндері оның қол қусырып отыруға уақыты жоқ. Жанұя, қызмет, хобби – бәріне дерлік жеткілікті уақыт арнап жүргенін бүгінгі жетістіктерінен-ақ байқауға болады. Қызметте ерекше көзге түсіп жүрген талантты да, шымыр сақшының жұмысына деген қызығушылығын департамент бастығы да байқап, алғыс жариялаған.

- Басшылықтың қызметімізді бағалап, көңіл бөлетіні – біз үшін үлкен мотивация. Ал ең үлкен марапат – халықтың алғысы. Елдің артқан сенім жүгін соңына дейін лайықты көтере алсам – менен асқан бақытты сақшы жоқ дер едім, - деді полицей.

- Азамат, қиялға ерік берейікші. Егер сіз өміріңіз жайлы кітап жазар болсаңыз, өзіңізді қалай суреттейтін едіңіз? Ел үмітін арқалаған полицей ретінде ме әлде өнердің шыңына шыққан талантты тұлға ретінде ме?

- Ерекше сұрақ. МІНДЕТ. АБЫРОЙ. ЕРЛІК – менің өмірдегі басты ұстанымым! Қай уақытта, қай мезгілде, қай кезеңде болса да, өзімді ел қорғаны ретінде бейнелер едім, - деп офицер сөзін аяқтады.

Азамат – ел үшін туған ер дерсіз. Бұлай деуімізге оның әріптестерінің ойы себеп болды. Олардың айтуынша, күн демей, түн демей қызмет ететін погон таққан ердің бар ойлағаны жұрттың тыныштығы. Қайтсем, елге пайдалы болам деген ниетпен жүретін Азаматты әріптестері жас болса да, үлгі етеді.

Полицей болу  – антқа адалдықтың, әділет жолында адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Халықтың үкілеген үмітін сөндірмей, сенімді ақтау – бұл қызметтегі әр сақшының өмірлік парызы, азаматтық борышы.

Бұл жолда жауапкершілік пен табандылық, қайсар мінез бен батылдық ауадай қажет. Себебі қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі – бір сәтке де бейқамдықты көтермейтін, тынымсыз еңбек пен терең парасаттылықты талап ететін ұлы міндет. Алайда осындай жауапты жолда нәзік өнер әлемінен алшақтамай, бойдағы рухани қазынаны сақтап қалу – кез келген адамның қолынан келе бермес қасиет. Елінің үмітін арқалаған өнерлі Азамат Мырзахметов секілді полицейлер – бүгінгі бейбіт өміріміздің айнасы, қоғамымыздың тірегі. Ұлттың болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген осындай парасатты полицейлердің қатары артып, халқымыздың тыныштығы мен тұрақтылығы берік болсын!

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру