Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақерке Әлібек: “Біздің міндет – қауіпсіздікті қамтамасыз ету”

Халыққа қызмет етудің қай кезде де қадірі жоғары. “Бірінші өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде” деген дана сөзді ұран еткен жандар бүгінде еліміздің түрлі салаларында қызмет етіп жүр. Солардың бірі – Түркістан қалалық полиция басқармасының туристерге қызмет көрсету бөлімінің инспекторы Ақерке Әлібек. Polisia.kz сайты мереке қарсаңында антына адал ару жайлы ақпарат ұсынады.

Түркістан – тарихи және туристік қала. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе, облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін шетелдік туристердің де қатары көбейді. Осыған байланысты олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында туристік полиция қызметі маңызды рөл атқарады.

Туристік полиция инспекторы Ақерке бұл қызметке келгеніне екі жылға жуықтаған.

- Біздің басты мақсатымыз – елімізге келген шетелдік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау. Бұл – қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмыс. Біз туристерге қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз. Осы ретте әріптестерімнің еңбегін де ерекше атап өткім келеді. Туристердің еркін жүріп-тұруы үшін туристік аймақтарға арнайы SOS батырмалары мен бейнебақылау камералары орнатылған, – дейді ол.

Жас маман өз қызметіне деген ынта-жігерінің арқасында Алғыс хаттар мен түрлі марапаттарға ие болған. Ол шет тілдерін білудің маңыздылығын ерекше атап өтеді. Ақерке ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген, сондай-ақ мемлекеттік тіл мен орыс тілін жетік біледі. Әріптестері арасында қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік тілдерін меңгерген мамандар бар екенін де айта кеткен жөн.

Ақеркенің қызметке деген адалдығы – отбасынан алған тәрбиесінің нәтижесі. Әкесі Кенжебай Жақсылықов – ішкі істер органдарының ардагері, зейнеттегі полиция полковнигі. Ал бір бауыры да құқық қорғау саласында еңбек етеді. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген ол Отанға адал қызмет етуді, биік белестерді бағындырып, әке үмітін ақтауды мақсат етіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру