Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысы бойынша ҚАЖД-да үшжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды

Ақмола облысы бойынша ҚАЖД-да үшжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Игілік Хасенов облыста пробация қызметін жетілдіруге бағытталған ведомствоаралық кеңеске қатысты. Кеңес Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен өтті. Жиынға облыс прокурорының бірінші орынбасары Серік Ілиясов, облыстық басқарма басшылары, пробация қызметінің аудандық бөлімдерінің жетекшілері мен аумақтық әкімдіктердің өкілдері қатысты.

Кеңестің басты мақсаты – пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ олардың қайта қылмысқа баруының алдын алу тетіктерін талқылау болды.

ҚАЖ департаменті басшысының орынбасары Дархан Мурзабеков өз баяндамасында пробация қызметінің жұмысын жетілдіруге кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, биылғы жылдың бірінші тоқсанында пробация қызметінің есебінен 1500-ден астам адам өткен, алайда, қылмыстық құқық бұзушылықтардың қайталану фактілері тіркелген. Шалғай елді мекендерде тұратын сотталғандарды бақылауда ұстау қиындық тудыратыны айтылып, пробация бөлімдерін арнайы көлікпен және электрондық бақылау құралдарымен қамтамасыз етудің маңыздылығы көтерілді.

– Электрондық бақылау құралдары – бас бостандығынан айыру жазасына балама, әрі оның тиімділігі жоғары. Сотталғанның отбасымен бірге еркіндікте болуы – оның түзелу жолына түсу мүмкіндігін арттырады, – деп атап өтті Мурзабеков.

Сонымен қатар департамент басшысы пробация инспекторларын бейнетіркегіштермен және заманауи техникамен қамтамасыз ету қажеттілігін де тілге тиек етті.

Кеңес барысында қатысушылар тарапынан түскен сұрақтар мен ұсыныстарға жауап берген Алтынай Әміренова пробация саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін облыстық басқармалар мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесу қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау және қадағалау мекемелері арасында қайталанатын қылмыстың алдын алу жобасы аясында өзара іс-қимыл және ынтымақтастықты нығайту мақсатында үшжақты меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру