Ақмола облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты түзеу мекемесінде ақпараттық дәріс өтті
Ақмола облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №4 түзеу мекемесінде ақпараттық дәріс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысындағы №4 түзеу мекемесінде мекеме қызметкерлеріне арналған қаржы қауіпсіздігі тақырыбында танымдық дәріс ұйымдастырылды. Іс-шараны мекеме әкімшілігі Халық банкінің өкілдерімен бірлесе отырып өткізді.
Дәрістің негізгі мақсаты – қазіргі заманғы қаржылық алаяқтықтың түрлері мен олардан қорғану жолдары туралы қатысушылардың хабардарлығын арттыру. Банктың аға менеджері Нұргүл Жақыпованың айтуынша, қазіргі уақытта қаржылық қылмыстар күрделене түскен, алаяқтар түрлі психологиялық әдістер мен заманауи технологияларды пайдаланып, адамдарды алдау жолдарын жетілдіруде.
– Мұндай жағдайда әрбір адамның қауіптерді алдын ала біліп, өз мүлкі мен деректерін қорғауды үйренуі аса маңызды, – деді Нұргүл Жақыпова.
Кездесу барысында банк өкілдері жеке деректердің қауіпсіздігі, құпия ақпараттарды – әсіресе парольдер мен PIN-кодтарды – сақтау ережелері туралы баяндады. Мамандар банктің немесе құқық қорғау органдарының атынан хабарласқан тұлғаларға деректерді берудің қаншалықты қауіпті екенін нақты мысалдармен түсіндіріп берді.
Сондай-ақ қатысушыларға жалған қоңыраулар мен SMS-хабарламаларды қалай тануға болатыны, қылмыстық әрекеттерге күмән туған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі туралы нақты нұсқаулықтар берілді.
– Біз дәріс барысында өте маңызды ақпарат алдық. Әсіресе алаяқтардың әрекеттеріне қалай қарсы тұруға болатыны, сөйлесуді дереу тоқтату, нөмірді бұғаттау және дереу банкке немесе полицияға хабарласу қажеттігі туралы кеңестер ерекше пайдалы болды, – деп атап өтті мекеме отрядының бастығы Наиля Зубаирова.
Дәріс барысында қатысушылар алаяқтардың айласына қалай тап болғандарын баяндап, тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу соңында банк мамандарына өзекті әрі пайдалы ақпараттары үшін алғыс білдірілді. Мұндай шаралар қызметкерлердің киберқауіпсіздік мәдениетін арттырып, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға ықпал ететіні сөзсіз.