Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде ведомствоаралық рейд өтті

Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №4 мекемесінде республикалық "Допинг" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ведомствоаралық бірлескен рейд ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға Степногорск қаласының есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл тобының қызметкерлері және 3517 әскери бөлімінің кинолог мамандары қатысты. Бірлескен жұмыс барысында мекемеге жеткізілетін сәлемдемелер, бандерольдар мен посылкалар қатаң тексеруден өткізілді.

Сонымен қатар мекеме әкімшілігі сотталғандар арасында жоспардан тыс есірткі скринингін жүргізді. Бұл тексеру сотталғандардың ағзасында есірткі заттарының бар-жоғын анықтауға бағытталған және мекеме ішіндегі жедел ахуалды бақылаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Мекеме басшылығының айтуынша, мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – тыйым салынған заттардың түзеу мекемесі аумағына жеткізілуіне жол бермеу, сондай-ақ қызметкерлер мен сотталғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

– Есірткі заттарының түзеу мекемесіне өтуіне жол бермеу және қызметкерлер мен сотталғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз, – деді мекеме бастығының орынбасары Сағдат Дүйсекеев.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде құқықтық тәртіпті сақтау және тыйым салынған заттардың заңсыз айналымының алдын алу бағытындағы мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру