Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында 71 жастағы қария трамадолды заңсыз сақтағаны үшін ұсталды

Ақмола облысында 71 жастағы қария трамадолды заңсыз сақтағаны үшін ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

22–26 қыркүйек аралығында бақылаудағы дәрілік препараттардың заңсыз айналымға түсуіне жол бермеу мақсатында "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасының үшінші кезеңі өткізілді. Іс-шара барысында полицейлер облыстың 71 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Тінту кезінде одан трамадолдың едәуір көлемі тәркіленді.

Әйелдің бұрын құқық қорғау органдарының есебінде болмағаны анықталды. Оның айтуынша, тәуелділік жұбайының онкологиялық дертке шалдыққан кезінде басталған. Сол кезде күйеуі қатты ауырсынуды басу үшін трамадол қабылдаған. Кейін әйел өзі аяғын сындырып, осы дәріні ішіп көрген. Уақыт өте келе ол дәріге үйреніп, тәуелділікке бой алдырған. Кейіннен жалған рецепт жасап, препаратты өздігінен сатып ала бастағаны белгілі болды.

Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК 296-бабының 2-бөлігі (Есірткі құралдарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сараптама тағайындалып, істің мән-жайы тексерілуде.

Сонымен қатар "Дәрмек" іс-шарасы барысында фармацевтикалық қызмет саласында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Тексеру кезінде 10 дәріханада дәрілердің рецептсіз босатылғаны белгілі болды. Фармацевтерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субъектілердің бірі ҚР ӘҚБтК 427-бабында көрсетілген техникалық нығайту талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Жалпы операция нәтижесінде заңсыз айналымға түсуі мүмкін 7,5 келі есірткі затының жолы кесілді. Бұдан бөлек, айналымнан күшті әсер ететін 92 құты мен 90 таблетка, рецепт бойынша берілетін 107 дәрі-дәрмек пен ампулалар, сондай-ақ 27 тонна күкірт қышқылы тәркіленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру