Ақмола облысында 8,4 млн теңге ұрлаған күдікті анықталды
Ақмола облысында 8,4 млн теңге ұрлаған күдікті анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2 сәуірде Ақмола облысының полиция департаментіне жергілікті кәсіпкерден өтініш түсті. Ер адам сауда үйінің жалға алынған үй-жайынан бірнеше рет ақша қаражаттары мен тауарлық-материалдық құндылықтарының ұрланғанын хабарлады. Жалпы шығын 8,4 миллион теңгені құрады.
Тергеу барысында 3-12 наурыз аралығында сауда үйінің бейнебақылау камераларының электр қуатының үзілуіне байланысты мезгіл-мезгіл өшіп тұрғаны анықталды. Сонымен қатар көрші ғимараттардың бейнебақылау камералары тексерілгенде, ғимаратқа бірнеше рет кірген жергілікті тұрғынның бейнесі тіркелген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, оның оқиғаға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Кәсіпкерлерге осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында үлкен сомаларды сақтау үшін сенімді құлыптары бар сейфтерді қолдану, қолма-қол ақшаны түнде кассада қалдырмау, сондай-ақ қауіпсіздік жүйесін үнемі тексеріп отыру ұсынылады. Егер қажет болса, кәсіпкерлер қауіпсіздік қызметімен келісімшарт жасасқан абзал.