Ақмола облысында 8,4 млн теңгеге ұрлық жасаған күдікті анықталды
Ақмола облысында 8,4 миллион теңгеге ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2 сәуірде Ақмола облысы полиция департаментінің аудандық бөлімдерінің біріне жергілікті кәсіпкерден шағым түсті. Ол сауда үйіндегі жалға алынған үй-жайдан бірнеше рет ақша қаражаты мен тауарлық-материалдық құндылықтар ұрланғанын хабарлаған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 8,4 миллион теңгені құраған.
Тергеу барысында 3-12 наурыз аралығында сауда үйінің бейнебақылау камералары электр қуатының үзілуіне байланысты мезгіл-мезгіл істен шығып отырғаны анықталды. Сонымен қатар көрші ғимараттардың бейнежазбаларын талдау нәтижесінде ғимарат ашылмай тұрып бірнеше мәрте кірген жергілікті тұрғын бейнеге түсіп қалған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті тұлға анықталып, оның қылмысқа қатыстылығы тексерілуде. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кәсіпкерлерге бірқатар қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес береді. Атап айтқанда ірі көлемдегі қаражатты сақтау үшін сенімді құлыптары бар сейфтерді пайдалану, қолма-қол ақшаны түнгі уақытта кассада қалдырмау, бейнебақылау жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін және жазбаларға қолжетімділікті үнемі қадағалап отыру, сондай-ақ қажет болған жағдайда кәсіби күзет қызметімен келісімшарт жасау ұсынылады.