Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында алғаш рет әкімдердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңесшілері тағайындалды

Ақмола облысында алғаш рет әкімдердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңесшілері тағайындалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

27 наурызда Ақмола облысы полиция департаментінде кеңейтілген ведомствоаралық кеңес өтті. Осы кеңес барысында құқық қорғау органдары мен жұртшылық өкілдері өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру бағытындағы бірлескен жұмысты талқылады. Кездесуді полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Әбутәліпов жүргізді.

Биыл елімізде алғаш рет полиция қызметкерлерінің бастамасымен және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қолдауымен барлық деңгейдегі әкімдіктерде құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерінде құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау мақсатында әкімдердің кеңесшілері лауазымдары енгізілді. Жаңадан тағайындалған кеңесшілердің міндеттеріне комиссия отырыстарын ұйымдастыру, жұртшылық кеңестерімен тығыз қарым-қатынас орнату, құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын зерттеу және жедел ахуалды бақылау кіреді.

Жұмыс кеңесі барысында әкімдердің кеңесшілеріне салтанатты түрде куәліктер табыс етіліп, лауазымдық нұсқаулықтар ұсынылды. Сондай-ақ "Зиялы Қауым" жобасы Ақмола облысының құқық қорғау органдарының визит карточкасы ретінде танылды. Бұл жоба аясында тек полиция қызметкерлері ғана емес, азаматтық қоғам да белсенді жұмыс атқарып, нәтижесінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде 138 қоғамдық кеңес құрылған, оған 840 беделді ауыл тұрғыны кіреді. Учаскелік полиция инспекторларымен бірге ақсақалдар дебоширлермен, есепте тұрған тұлғалармен, жастармен тәрбие жұмыстары жүргізеді. Жұртшылық кеңестері жергілікті кәсіпкерлермен жұмыс істей отырып, алкоголь өнімін сатудан бас тарту мәселесін көтерді. Нәтижесінде 30 елді мекенде алкоголь сатуды толығымен тоқтату іске асты, бұл өз кезегінде қылмыстық жағдайға айтарлықтай әсер етті. Сонымен қатар соңғы екі жылда облыстың 98 елді мекенінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Жұмыс кездесуі барысында шақырылған қонақтар: Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Гүлнара Жанбекова, "Сенімен Болашақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Айгүл Нұрмағанбетова және "Жастар рухы" жастар қанатының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Сұлтанбек Бекешев өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салды.

Жиын соңында полицейлер азаматтық қоғамды құқық бұзушылықтардың алдын алуға және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру