Ақмола облысында азаматтыққа қатысты өзекті мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр
Ақмола облысында азаматтыққа қатысты өзекті мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы азаматтығы жоқ тұлғаларды анықтау, олардың құқықтық мәртебесін реттеу және құжаттандыру бойынша кең көлемді жұмыстарды жалғастыруда.
Еске салсақ, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап республика көлемінде азаматтығы жоқ адамдарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған арнайы науқан басталған болатын. Бұл шараның басты мақсаты – азаматтығы анықталмаған адамдарды құжатпен қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау.
Науқан аясында полиция қызметкерлері 50-ге жуық азаматтың азаматтық мәртебесін анықтады. Ақмола облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Руслан Исимбаевтың айтуынша, бұл азаматтар үшін консулдыққа барудың қажеті жоқ. Барлық қажетті құжаттарды жергілікті жерлерде толтыруға болады және барлық қызметтер тегін ұсынылады.
12 қазанда Ақмола облысының орталығында, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының жобасы аясында, Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросымен бірлесіп, азаматтығы жоқ адамдарға құқықтық көмек көрсету шарасы өткізіледі. Бұл шарада Ресей, Украина, Беларусь сияқты елдердің азаматтығы туралы анықтама алу, құжаттарды дұрыс толтыру және ресімдеу бойынша көмек көрсетілмек.
Мұндай шаралардың ең басты артықшылығы – азаматтарға консулдық алымдар төлеудің немесе басқа елдердің елшіліктеріне барудың қажеті жоқтығы.
– Көп жағдайда адамдар елшіліктерге баруға мүмкіндігі болмағандықтан, қажетті анықтамаларды ала алмай жатады. Бұл сұраулар үшін төлемдер де қарастырылған. Алайда БҰҰ БЖКБ жобасының аясында бұл қызметтер тегін ұсынылады. Бізде түрлі мемлекеттермен келісімдер бар, – деп атап өтті Қазақстан Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросының заңгері Екатерина Кавлис.