Ақмола облысында бейнебақылау жүйесі жаңаруда
Ақмола облысында бейнебақылау жүйесі жаңаруда, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ішкі істер органдарында ауылдық елді мекендердегі бейнебақылау жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасын табуда.
Полицейлердің бастамасымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылында қоғамдық тәртіп бұзылғанда жедел әрекет етуге және ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа интеллектуалды жүйелер таныстырылды.
Қазіргі таңда Талапкер ауылында полицияның учаскелік пунктіне қосылған жол қиылыстары мен қоғамдық орындарды бақылайтын 20 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл камералар тәртіп сақшыларына жағдайды онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елді мекен аумағында орналасқан үш орта мектеп толықтай бейнебақылау жүйесімен, 340 камера және дабыл түймелерімен жабдықталған. Оның 33-і полицияның кезекшілік бөліміне қосылған.
Полицияның мәліметінше, алдағы уақытта Талапкер ауылында қосымша 140 бейнебақылау камерасын, оның ішінде жылжымалы, бұрылмалы және Alarm функциясы бар интеллектуалды құрылғыларды орнату жоспарланып отыр. Бұл құрылғылар қоғамдық тәртіптің бұзылуы туралы автоматты түрде хабарлау мүмкіндігіне ие.