Ақмола облысында екі ауыл ішімдіктен бас тартты
Ақмола облысының Зеренді ауданында ауыл тұрғындары алкогольден бас тартуды жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ең жарқын мысал – Қанай би ауылдық округі. Оның аумағына кіретін екі елдімекен алкогольдік ішімдіктерді сатудан бас тартты, ал мұндай байсалды өмір салтының басты нәтижесі – азаматтардың әл-ауқаты және жедел жағдайдың тыныштығы.
Ауылдық округ әкімі Медет Ақмағамбетовтің айтуынша, екі ауылда тұрғындар алгокольден өз еркімен бас тартқан және үш жылдан бері мұнда бірде-бір қылмыс, отбасылық-тұрмыстық жанжал немесе тіпті ұсақ бұзақылық тіркелген жоқ.
Айта кетейік, округте "Зиялы қауым" бағдарламасын енгізу туралы бастама полицейлерден келіп түсті және оны жергілікті атқарушы органдар, жұртшылық және азаматтардың өздері белсенді қолдады. Ақмолалықтар өзекті мәселелерді бірлесіп шешеді, профилактикалық іс-шаралар жүргізеді, жастармен жұмыс істейді.
Зеренді ауданының жергілікті полиция қызметінің бастығы Ернар Садырбаев бүгінгі күні курорттық өңірде 11 ауыл алкогольді сатудан толық бас тартқанын, бірақ басқа елді мекендердің тұрғындары да акцияға қосылуға ниет білдіріп отырғанын, сондықтан полицей болашақта мұндай ауылдардың саны едәуір көп болатынына сенімді екенін атап өтті.