Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында ер адам бұрынғы жұбайының шотынан ірі көлемде ақша жымқырды

Ақмола облысында ер адам бұрынғы жұбайының шотынан ірі көлемде ақша жымқырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жарқайың ауданының полиция бөліміне Державинск қаласының 35 жастағы тұрғынынан ұрлық фактісі бойынша арыз түсті. Жәбірленуші 13 сәуірде белгісіз тұлғаның оның банктік мобильді қосымшасы арқылы шотынан 199 655 теңге көлемінде ақша қаражатын заңсыз иемденіп кеткенін хабарлаған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында аталған құқық бұзушылықты жәбірленушінің қазіргі таңда бірге тұрмайтын бұрынғы жұбайы жасағаны анықталды. Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам түнгі сағат 00:30 шамасында әйелдің үйіне кіріп, оның ұялы телефонын алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Кейінірек ол құрылғыдағы банктік қосымша арқылы ақшаны шешіп алып, жеке қажетіне жұмсаған.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қостанай облыстық полиция департаменті азаматтарды цифрлық қауіпсіздікке ерекше мән беруге шақырады. Ұялы құрылғыларды қараусыз қалдырмауға, күрделі құпиясөз орнатуға, биометриялық қорғау жүйелерін пайдалануға кеңес береді. Сондай-ақ банк қосымшаларының PIN-кодтары мен құпиясөздерін үшінші тұлғаларға жария етпеу, құрылғы жоғалған жағдайда банк қосымшасына қолжетімділікті шұғыл түрде бұғаттау қажет. Мүмкін болған жағдайда екі факторлы аутентификацияны қосу ұсынылады.

Цифрлық заманда жеке деректердің қорғалуы — қаржылық қауіпсіздіктің маңызды кепілі екенін ұмытпаған жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру