Ақмола облысында есептегі сотталғандар "Алжир" музейіне барды
Ақмола облысында есептегі сотталғандар "Алжир" музейіне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола ауылында орналасқан саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған "Алжир" мұражай-мемориалдық кешеніне пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар экскурсия жасап қайтты. Іс-шараның мақсаты – тарихи сананы қалыптастыру, өткеннің қайғылы беттерін ұмытпауға және сабақ алуға үндеу.
Сапар барысында мұражай қызметкерлері қатысушыларға қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жапа шеккен әйелдердің тағдырлары жайлы айтып берді. Қатысушылар лагерьдегі әйелдердің өмірі мен күресіне арналған экспозициялармен танысып, саяси қуғын-сүргіннің салдарлары жайлы мол мағлұмат алды.
Мұндай тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар тарихи қателіктерді терең түсінуге мүмкіндік беріп қана қоймай, пробация есебінде тұрған азаматтардың тұлғалық дамуына, азаматтық ұстанымы мен адамгершілік қасиеттерін нығайтуға ықпал етеді. Тарихты танып-білуге бағытталған білім беру жобалары олардың қоғамға қайта бейімделу үдерісінде маңызды рөл атқарады.
- Біздің пробация қызметіне осындай мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін. Біз бұл жерге бірінші рет келіп тұрмыз. Бұрын тек естігенмін, бірақ мұражайға барып көрмеппін. Көңілге қатты әсер етті. Бүгін көп нәрсе білдік, терең ойға баттық. Осындай жерлерге келген кезде өмірге деген көзқарасың өзгереді, басымдықтарды қайта қарауға итермелейді, – дейді экскурсияға қатысқан сотталғандардың бірі.