Ақмолалықты алаяқтықпен алдаған күдікті ұсталды
Ақмолалықты алаяқтықпен алдаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Целиноград ауданының полиция бөліміне Ақмол ауылының 35 жастағы тұрғыны алаяқтық туралы арызбен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, 2023 жылдың 22 желтоқсанында оның танысы автокөлікті ресейлік есептен қазақстандық есепке қайта ресімдеуге көмек көрсетуге уәде берген.
Алаяқ өз іс-әрекетін сылтауратып, ер адамды көлікті айдап келуге және оған 1 миллион 200 мың теңге ақшалай қаражат беруге көндірген. Алайда көлік пен ақшаны алғаннан кейін, күдікті басқа біреудің көлігін сатып, жәбірленушімен байланысын үзген.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің, Сәтбаев қаласының 36 жастағы тұрғынының орналасқан жері анықталды. Қазіргі уақытта осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ақмола облысының полиция департаменті азаматтарға қырағылық танытуға шақырады: көлік құралдары мен ақшаны бөгде адамдарға қайта ресімдеуге немесе басқа да заңды қызметтерді көрсетуге уәде берген тұлғалардан сақ болыңыздар. Мұндай қызметтерді ұсынатын адамдардың құжаттары мен өкілеттіктерін тексеріп, мәміле жасау кезінде жазбаша келісім жасауды ұмытпаңыздар.