Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында интернет алаяқтары жасөспірімді алдап, ата-анасының қаражатын жымқырды

Ақмола облысында алаяқ кәмелетке толмаған баланы алдап, оның ата-анасынан 1 миллион 128 мың теңгеден астам қаражатты жымқырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Целиноград ауданының полиция бөліміне ауыл тұрғыны баласының интернет алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы шағымданды. Әкесі жасөспірімнің ірі көлемде ақшадан айырылғанын айтып, көмек сұрады.

Алдын ала тергеу барысында, оқиға 18 қаңтарда болғаны анықталды. TikTok қосымшасындағы тікелей эфирді көріп отырған жасөспірімге белгісіз біреу хабарласып, онлайн ойындағы аккаунтын тегін беруге уәде еткен. Алайда бұл үшін бала кез келген ересек адамның банктік шот нөмірін немесе картасын ұсынуы және оны Olimbet.kz сайтына аударуы қажет екендігін айтқан.

Қаскүнемнің сөзіне сеніп қалған бала оның барлық талаптарын орындаған, алайда ақшаны алғаннан кейін алаяқ байланысқа шықпай, ізін суытқан.

Аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап, күдіктінің жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізуде.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналарға балаларға интернет қауіпсіздігі туралы түсіндіруді ұсынады. Ешқашан бейтаныс адамдарға жеке деректерді, соның ішінде банк картасының нөмірі мен құпиясөзін беруге болмайтынын ескертіңіз. Сондай-ақ карточкалық аударымдарға шектеу қойып, кез келген транзакция туралы хабарламаларды қосып қою ұсынылады.

Балаларға интернетте «тегін сыйлықтардың» көбіне алдау әдісі екенін түсіндіріңіз. Қандай да бір ұсынысты қабылдамас бұрын, ақпаратты екі рет тексеріп, ата-анасымен ақылдасуды әдетке айналдыруға шақырыңыз. Егер бала күдікті ұсынысқа тап болса, бұл туралы ересектерге дереу хабарлап, құқық қорғау органдарына жүгінудің маңыздылығын түсіндіріңіз.

Интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтау балаңыздың қаржылық және жеке деректерін қорғаудың негізгі кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру