Ақмола облысында колониядағы сотталған әйел қайырымдылықпен айналысып жатыр
Ақмола облысындағы колонияда жазасын өтеп жатқан Юлия өз еңбегімен тапқан ақшасын кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына аударуды шешті, – деп хабарлайды Polisiа.kz.
Алаяқтық үшін сотталған ол мекемеде уақытын босқа өткізбей, жаңа дағдыларды үйренді. Оқу курстарынан өтіп, лешмейкер кәсібін игеріп, сертификатқа ие болды.
Жылдың басында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға дайындалып, өз өмірін жаңаша құруды жоспарлаған болатын. Алайда салық органы сот шешімімен келіспей, Юлияның қайта колонияға оралуына тура келді. Осыған қарамастан, ол үмітін үзбей, «Өз кінәмнен, ешкімге ренішім жоқ, ерте ме, кеш пе бәріне жауап беру керек» деп, тағдырына мойынсұнды.
Колонияда Юлия күндіз жұмыс істейді, ал бос уақытында шыны мен акрил моншақтарынан сөмкелер тоқиды. «Бұл идеяны интернеттен көріп, жаман ойлардан арылу үшін өзімді осы іске арнауды ұйғардым», – дейді ол. Бірнеше туындысын жасап көргеннен кейін, бұл іс оған ұнады. Мекеме қызметкерлерінің қолдауымен «Еңбек-Көкшетау» РММ арқылы туындыларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Юлия өз өнімдерінен түскен барлық қаражатты кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына аударуды шешті.