Ақмола облысында полицейлер адасып кеткен 4 жасар баланың туыстарын тапты
Ақмола облысында полицейлер адасып кеткен 4 жасар баланың туыстарын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жылдық мерекелерден кейін полиция қызметкерлерінің жұмысы күрделі әрі жауапты жағдайларға толы болады. Солардың бірі – төрт жастағы баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама тәртіп сақшылары үшін үлкен сынаққа айналып, баланың тағдырына қатысты шынайы алаңдаушылық туғызды.
Оқиға 4 қаңтар күні шамамен сағат 12:00-де Щучинскіде тіркелді. Патрульдік полиция қызметкерлері Қотыркөл ауылына апаратын айналма жол аумағында қызмет атқарып жүрген кезде Chevrolet Cobalt автокөлігі тоқтаған. Көлік жүргізушісі жол жиегінде жалғыз келе жатқан кішкентай баланы байқап қалғанын хабарлаған.
– Алғашқы ойым – баланың дәл бізге тап болғаны қандай жақсы болды деген еді. Оның сенімді қолда екенін түсіндім. Осы уақытта оның жақындарының қандай күй кешкенін сезіндім, олар үшін бұл нағыз үрейлі сәттер болғаны анық, – деді патрульдік полиция взводының командирі Бекболат Кусметов.
Ол қызметті серіктесі – Асанали Алихановпен бірге атқарған.
Бала қатты қорқып қалған. Полиция қызметкерлері оны тыныштандырып, әңгімеге тартқанымен, ол тек өз есімін айтып, анасының жұмыста, әкесінің ұйықтап жатқанын ғана жеткізе алған.
Дереу қаладағы барлық полиция нарядтарына бағыттама берілді. Балаға қажетті күтім көрсетіліп, қызметкерлер оның туыстарын іздеу жұмыстарын жалғастырды. Шамамен екі сағаттан кейін баланың жақындары табылды.
Кейінірек баланың ағасы келіп, әкесі жұмысқа кетер алдында баланы әпкесінің қарауына қалдырғанын түсіндірді. Алайда әпкесі ұйықтап қалып, бала өз бетімен киініп, үйден шығып кеткен.
Полиция қызметкерлері азаматтық жауапкершілік танытып, бейжай қарамай, дер кезінде хабар берген Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісіне алғыс білдірді.
Полиция ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне мұқият болу қажеттігін еске салады. Атап айтқанда, мүмкіндігінше балаларды байланыс құралдарымен қамтамасыз ету, киімдеріне байланыс деректері мен тұрғылықты мекенжайы жазылған жазба қалдыру, сондай-ақ бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау маңызды.
