Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында полицейлер арасында алғаш рет "Таяқ тарту" ойыны өтті

Ақмола облысында полицейлер арасында алғаш рет "Таяқ тарту" ойыны өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына орай Ақмола облысында алғаш рет полиция қызметкерлері арасында ұлттық спорт түрі – "Таяқ тартудан" жарыс ұйымдастырылды.

Жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен 80-нен астам полиция қызметкері қатысты. Көшпенділерден қалған көне ойын құқық қорғаушыларға күш пен ептілікті сынап қана қоймай, ұлттық дәстүрді дәріптеудің бірегей үлгісіне айналды.

Жарыстың ресми ашылуында Ақмола облысы ПД бастығының орынбасары Аслан Қызбикенов сөз сөйлеп, спорттық шараның құқық қорғау органдары арасындағы корпоративтік рухты арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететінін атап өтті.

Ал "Динамо" ДШСҚ Ақмола филиалы төрағасының бірінші орынбасары Виктор Букреев қоғамның ғасырлық тарихына тоқталып, қазақстандық спорттағы орнына ерекше мән берді.

"Таяқ тартудың" шарты бойынша екі спортшы аяқтарын тіреу тақтасына тіреп, төреші белгісімен қарсыласын өз жағына тартуға немесе қолындағы таяқты жұлып алуға тырысады. Жеңістің басты кепілі – тепе-теңдікті сақтап, қарсыласынан айла асыру.

Жеке біріншілік нәтижесі бойынша түрлі салмақ дәрежесінде Сандықтау, Бурабай, Көкшетау, ЖҚАЖ және Ақкөл полиция бөлімдерінің қызметкерлері топ жарды. Ал 100 келіден жоғары салмақта Ақкөл ПБ өкілі Ержан Сейсекеев жеңімпаз атанды.

Командалық есепте:

1 орын – Ақмола облысы полиция департаменті,

2 орын – Бурабай ауданы ПБ,

3 орын – Көкшетау қаласы ПБ иеленді.

Жарыстың құрметті қонағы – ІІМ ардагері, Бурабай аудандық полиция бөлімінің зейнеткері Қанат Иманғалиев болды. Ол турнирге өзі команда бастап келіп, жас әріптестерінің өнеріне қуанышын білдірді:

– "Таяқ тарту" – біздің мәдениетіміз бен рухымыздың бір бөлігі. Оның қайта жаңғырып, жастарға жол тартқанына ризамын, – деді ардагер.

Барлық жеңімпаздар медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлдегер командалар кубоктар мен мақтау қағаздарын алды.

Ұлттық дәстүрді дәріптеген бұл турнир Ақмола облысы полициясының тарихында алғаш рет өтіп, спорт пен мәдениеттің, рух пен бірліктің айқын көрінісіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру