Ақмола облысында полицейлер көлікті заңсыз иемдену фактісін әшкереледі
Ақмола облысында полицейлер көлікті заңсыз иемдену фактісін әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының полицейлері автокөліктерге қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың мүлкін қорғау бағытында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Тәртіп сақшылары көлік иелерін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады, себебі автокөлікті қараусыз қалдыру заңсыз иемденуге әкеп соғуы мүмкін.
19 қазанда Бурабай аудандық полиция бөліміне 63 жастағы ауыл тұрғыны жүгініп, үйінің ауласында тұрған Nissan X-Trail автокөлігінің ұрланғанын хабарлаған.
Алдын ала деректерге сәйкес, белгісіз адам көлікті сағат 10:30 бен 15:20 аралығында заңсыз иемденген. Келтірілген материалдық шығын көлемі 4 миллион теңгені құраған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде көлік Бұланды ауданында табылды. Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтады – ол тұрақты тұрғылықты жері жоқ азамат болып шықты.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Полиция қызметкерлері автокөлік иелеріне келесі қарапайым, бірақ маңызды ережелерді есте сақтауды ескертеді:
көлікті тіпті қысқа уақытқа қалдырғанда да міндетті түрде құлыптаңыз;
кілттерді тұтану қосқышында немесе салон ішінде қалдырмаңыз;
көлік тұрған жердің жарық және бейнебақылау бар аумақ болуына мән беріңіз.
Мүлікке ұқыпты қарау – мүлікке қарсы қылмыстардың алдын алудың ең тиімді тәсілі екенін полицейлер тағы бір мәрте еске салады.