Ақмола облысында полицейлер түнде жолда қалып қойған отбасыға көмектесті
Ақмола облысында полицейлер түнде тасжолда қалған отбасыға көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысында патрульдік полиция қызметкерлері қиын жағдайда қалған жасөспірім баласы бар отбасына дер кезінде көмек көрсетті.
Оқиға 18 тамызға қараған түні Астана — Петропавл автожолының 243-шақырымында (Көкшетау бағыты) болған. Мелешенко отбасы такси жүргізушісінің күмәнді әрекеттеріне байланысты көліктен түсіп қалған. Нәтижесінде олар түн ортасында тасжол бойында қалып, үйге жете алмай әбігерге түскен.
Осы сәтте патрульдік полиция батальонының 2-взводының қызметкерлері — Игорь Макаров пен Тоқтар Аубакиров кезекшілік атқарып жүрген. Жол жиегінде тұрған адамдарды байқаған полицейлер дереу тоқтап, мән-жайды анықтап, отбасыны қызметтік көлікпен үйлеріне жеткізді.
— Бізді көрген бойда тоқтап, жағдайымызды сұрап, үйге дейін апарып салды. Үлкен алғысымызды білдіреміз! Баршаңызға зор денсаулық пен сәттілік тілейміз, — деп жазды Мелешенко отбасы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал полиция қызметкерлері бұл әрекеттерін қарапайым түрде түсіндірді:
— Бұл — біздің күнделікті жұмысымыз. Біз мұны ең алдымен адамгершілік тұрғысынан жасадық, — деді олар.
Осындай алғыс сөздер, тәртіп сақшыларының айтуынша, қоғамға адал әрі жанашырлықпен қызмет етуге қосымша жігер береді.