Ақмола облысында полицейлер "Учаске" іс-шарасы шеңберінде халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейтті
Ақмола облысында полицейлер "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында халықпен профилактикалық жұмысты күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысында өрт қауіпсіздігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар жалғасуда. "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері құтқарушылармен бірлесіп, тұрғындар арасында кең көлемді рейдтік және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Полицейлер тұрғын үйлерді, пәтерлер мен саяжайларды аралап, құрылыс алаңдары мен базарларға барады, сондай-ақ қараусыз қалған нысандарды тексереді. Сонымен қатар жеке азаматтық қару иелеріне және профилактикалық есепте тұрған адамдарға ерекше назар аударылады.
Көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтарын және шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланатын жұмыс берушілерді анықтау шаралары да қатар жүргізілуде.
Ақмола облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше, іс-шара барысында 13 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сондай-ақ 211 мыңнан астам үй мен пәтер тексеріліп, 200 азамат профилактикалық есепке қойылған.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесе тұрғын үй секторларын аралау жұмыстары жалғасуда. Тұрғындарға жылыту пештері мен электр құралдарын қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндірілуде.
Полиция қызметкерлері азаматтарды жүргізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарауға шақырады. Негізгі мақсат — төтенше жағдайлардың алдын алу және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
"Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы 2025 жылғы 1 қарашаға дейін жалғасады.